s

 №45 "Ақ Орда" мектеп-гимназия сайтына қош келіпсіз!

  
Мектеп-гимназия тарихы

№45 "Ақ Орда" мектеп-гимназиясының тарихы бойынша мектептің іргетасы 1922 жылы Шиелі қыстағы (бұрынғы Скоболев облысы) қазіргі "Бидайкөл" ауылында екі кластық сауат ашу мектебі болып, Айтбай деген кісінің үйінде қаланды. Бұл мектептің негізін Мырзахметов Мүсілім, Ерназаров Әлібектер салған болатын. Қазақ АССР-нің Орталық атқару Комитеті мен халық комиссарлар Советі партияның бастауыш білім туралы директивасына сәйкес 1930 жылы 27 тамызда "Жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру туралы" қаулысына орай 1930-31 оқу жылынан бастап мектеп 4 кластық бастауыш мектепке айналды. Бастауыш мектептің меңгерушісі болып Құлымбетов Камал (кейіннен ҚазССР министрлер Советінің іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі болып атқарады).

Мұғалімдері: Шоқаев Ибрагим, Баймағанбетов Ғали, Құлымбетова Жамал, Құлымбетова Рәния, Сәтбеков Әбілқайыр, Давыдов Александр т.б. кісілер қызмет атқарған.

Ол кезде арнайы салынган мектеп үйі болмағандықтан 1925-30 жылдар аралыгында Айтбай деген кісінің сарайы мектепке пайдаланылған.

Айтбай сарайында оқыған алғашқы оқушылар: Қонаев Жәлел, Жазықбаев Қалтай, Ермағанбетов Ыбырай, Құрамбаев Иманбек, Ахметов Төлен, Байжанов Қамбар, Өмірбаев Кемелбек,Жанғабылов Әбсаттар, Ерназарова Ұлтай , Байсейітов Дүйсен, Қоңыратбаев Әбілқайыр, Жүсіпова Перуза, Мырзахметова Гүлжауһарлар бастауыш мектепті бітірген.

1931-32 оқу жылында мектеп Айтбай сарайынан шығып, жаңа мектеп үйіне ауысқан. Осы жолы мектепке "Октябрьдің 14 жылдығы" деген ат берілді.

Мектеп 1936-37 оқу жылынан бастап орталау мектепке, 1939-40 жылдан бастап орта мектепке айналды.

Орта мектепке айналған 1941-42 оқу жылында Шиелі қыстағының орталығына көшірілді.

Бірақ бұлкезде ел басына ауыр да, қайғылы күн туған кез еді.

Фашистік Германияның қанды ылаңы бұл мектепті де шарпып өтті. Ересек балалар мен ұстаздар майданға, ФЗО-ға жұмысқа аттанды.

1941-44 оқу жылдар аралығында осындай себептерге байланысты мектеп бітрушілер болған жоқ.

Тек 1945 жылы ғана 10 оқушы ғана мектеп бітірді. Олар: Ахметов Ғ., Мұсабеков М., Әбдіқазғанов К., Бекжанов Т., мұхамедәлиев З., Мансурова Н., Әбдіғаппаров А.,Дүйсенбаев Н., Дүйсенов Н., Оразова К., Әбішевтер еді. Осы кезде ұстаздық еткен: Жұмабай, Әбілов Құрманғали, Қосаев Камал, Тұрахметов Құрбан майданнан оралмады .

Бұлардың есімі жас ұрпақтың есінде мәңгі сақталады. Мектеп мұражайында арнайы тақтаға есімдер жазылып, оқушылар келіп гүл шоқтарын қояды, еске алу сабағы ұйымдастырылып тұрады. 1946 жылы мектепті 13 оқушы бітірді. Олар: Жүсіпов Ермахан, Мәлібеков Бердіқұл, Есенбаев Құлтай, Алдабергенов Әбдікәрім, Байжанов Аяпберген, Сүйінова Қатира, Қошқаров Тұрсынбек, Жұманқұлов Сағындық, Ермекова Ұлымқан, Ибадуллаев Кенжебай, Зиядинова Аққатшалар болатын.

Мектеп 1959-60 оқу жылынан бастап өндірістік білім беретін он бір жылдық білім ошағына айналып, №45 қазақ орта мектебі деп аталды. Он бір жылдық мектепке айналуына байланысты 1962 жылы мектеп бітірушілер болған жоқ. Мектепті 1961-66 жылдары Сейдахметова Әйбибі басқарды. 1965 жылға дейін 458 оқушы мектеп бітірді. 1965-66 оқу жылында қайтадан жалпы білім беретін 10 жылдық мектепке айналды. Бұл жылы мектеп директоры болып, соғыс ардагері, білікті ұстаз Есенгелдиев Ертай тағайындалды .

1973 жылы аудан орталығынан жаңадан №244 Ы.Жахаев атындағы қазақ орта Мектебінің ашылуына байланысты, шеткері мөлтек ауданнан келетін 270 оқушы сол мектепке ауыстырылды.
Осы кезеңде халық ағарту ісін жедел қарқынмен дамытуда КПСС ХХІІІ съезінің қарары және КПСС Орталық Комитеті мен ССР Министрлер Советінің 1966 жылғы қарашадағы «Орта мектептердің жұмысын одан әрі жақсарту туралы» қаулысы елеулі роль атқарады. Халық ағарту мекемелерінің негізгі ерекшелігі орта мектептердің сапа жағынан өсуі, сегіз жылдық және бастауыш білім беру жүйесінің қысқартылуы, мұғалім кадрларының білім деңгейінің жетілдірілуі болды.
Сондықтан мектептерде оқу цехі, еңбек ететін жер учаскелері, оқу өндірістік комбинаттары ұйымдастырылып, еңбекке баулау бағдарламалары жүзеге асырылып, жас жеткіншектерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруге зор септігін тигізді. Осы кезеңде мектеп басшысы болған «ССРО оқу ағарту ісінің үздігі» білікті маман Күлжан Жәукебаеваның 25 жылдық басшылық қызметі мектеп өміріне елеулі  табыстар әкелді. Оқу сапасы артып, тәрбие жұмыстары бір ізге түсіп жүйеленді, аудан мектептерінің алдына түсті.
Тәуелсіздігіміздің  таңы атып, білім жүйесіне жаңаша бетбұрыс және білім беру құрылымдарына жаңа өзгеріс әкелді. 1994 жылдың 18-тамызында аудан әкімінің № 210 қаулысымен мектеп-гимназия болып қайта құрылды.
Ақ Орда-ХІІІ-ХҮ ғасырда Оңтүстік, Оңтүстік Шығыс Қазақстанды мекендеген түркі тайпаларының басын қосқан, қазақ болып қалыптасудың негізі болған одақтың киелі аты.
Екінші мағынасы-үлкен үй, үлкен шаңырақ. № 45 мектеп-аудан орталығындағы қазақ орта мектептерінің ішіндегі 80 жыл тарихы бар іргелі мектеп, әрі талай-талай өнегелі ұл-қыздар мен ұлағатты азаматтарды, көрнекті қоғам қайраткерлерін, ұлы кісілерді тәрбиелеп шығарып отырған қасиетті қара шаңырақ болғандықтан Ақ Орда символдық атауымен аталған.
Гимназия директоры болып тәжірибелі маман Баян Сейтенова тағайындалды.
Сонымен бірге мектепте салауатты өмір салты курсы жүреді, наркопост құрылған. Аудандық емхана жанынан ашылған «Салауаттылық» бөлімімен бірігіп, әр түрлі шаралар: диспут, кездесу, конференциялар өткізіліп, арнайы кинофильмдер көрсетіледі.
Бұл күнде мектеп-гимназия шығармашылықпен жұмыс жүргізетін мұғалімдер мен ғылыми ізденіс бағытындағы зерттеуші мұғалімдер тобын біріктіріп, ғылыми- практикалық конференциялар, теориялық семинарлар, педагогикалық оқулар өткізіп, жекелеген тәжірибелерді жинақтап, кітапша етіп шығарып, таратып, көкейкесті мәселелерімен шұғылданатын, жоғарғы оқу орындарымен тығыз байланыста  жұмыс істей алатын, шығармашылықпен жұмыс жүргізуде қабілетті мұғалімдер мен оқушыларға бағыт беретін үлкен орынға айналған.
2008 жылдан бастап №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының директоры Баймұратова Жібек Орынбайқызы тағайындалды.

 

 

 

 


 



 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Hosted by uCoz